Тасқынның беті қайтсын, деп ауылдықтар тасаттық берді. Қала шетіндегі Қайнарбұлақ елді мекенінде құрбандық шалып, құран бағыштаған көпшілік, топан судан төнген қауіптің беті ертерек сейілсе екен, дейді. Су басқан аймақтардағы әріптестерімен үнемі байланыста отырған «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы барынша қолдау көрсетіп, көмек беріп келеді.

Құранға жиылып, қол жайған ағайынның тілегі бір. Топан судан төнген қауіптің беті қайтып, қиын жағдайға түскен халық қалыпты өмірге ертерек оралса, дейді. Елдің бірлігі мен ынтымағы осындайда көрінетінін алға тартқан көпшілік су басқан өңірлердің  жұртымен әркез бірге екендерін жеткізді.

Ел басына күн туған шақта, қолдарынан келген көмекті аянып қалмайтындарын  жеткізген ауылдықтар, апат аймағындағы әріптестерімен үнемі байланыста екендерін айтады. Өткен аптада Батыс өңіріне 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек, сондай – ақ, қажетті құрылыс материалдарын жөнелткен.

 Бүгінде еліміздің 10 өңірін топан су басып, төтенше жағдай жарияланды. Кей аймақтарда қауіп әлі сейілмей тұр. Жығылғанға сүйеу болып, жылағанды қай кездеде жұбатуға дайын халқымыз жылу жинап, қолдау білдіруде. Қайрымы мол істі халық қалаулылары бастап, қала тұрғындары қостап, кәсіпкерлер демеп, жастар жағы атсалысып жатыр.

Сауабы мол істің басы – қасында жүрген азаматтар, жергілікті жұртшылыққа өз ықыластарын білдіруді де ұмыт қалдырмады. Ауылдың үлкендерінен бата алып, иықтарына шапан жапса, көп балалалы және жалғысбасты аналарға ерекше сый құрмет көрсетті.