Шымкент тұрғындары түнгі уақытта шығатын жағымсыз иіске шағымданып жүргеніне біраз уақыт болған. Экология департаментінің мамандары бұл өндіріс орындарынан шыққан қалдықтан болуы мүмкін дейді. Сараптама жасалып жатқан көрінеді. Арнайы комиссия проблеманың мән-жайын анықтауға кіріскен. Егер кәсіпкерлердің экологиялық нормаларды бұзғаны анықталып жатса, өндіріс орнының лицензиясы тартып алынуы мүмкін.    

Депаратмент мамандары күндіз-түні үздіксіз жұмыс істейді. Арнайы кезекшілік кезінде бірнеше басқарманың зертханасы 9 өнеркәсіптен заңбұзушылықтар анықтап, қызметін тоқтатуға ықпал еткен. Олардың жұмыс барысында экологиялық нормаларды өрескел бұзғаны анықталды.

Ермахан Қозыбаев, Шымкент қаласы экология департаментінің басшысы
- Бұл 9 өндіріс орнының жұмысын тоқтату туралы сот шешімі бар. Басқа да кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың саны 13. Жұмысты алдағы уақытта жалғастыра бермекпіз. Арнайы комиссия құрылып, кезекшілік жүзеге асады.

Шаһардағы өзекті проблеманың бірі – қоқыс полигоны мен сұрыптау мәселесі. Шымкентте бір ғана полигон бар, ол Ақтас шағын ауданында орналасқан. Өкінішке қарай, күл-қоқыс қолмен сұрыпталады. Арнайы техника жоқ. Экология департаменті әкімдікке хат жолдаған, қала билігі қазір мәселені қолға алған.

Ермахан Қозыбаев, Шымкент қаласы экология департаментінің басшысы
- Мәселе биыл шешілуі керек деп күтіп отырмыз. Қала қоқысқа көміліп қалады деген қауіп жоқ. Бірақ, полигон бекітілген мерзімінен бұрын толып кетуі мүмкін. Сондықтан, қазір жағдаят тікелей әкімдіктің бақылауында.

 Шаһарда тұрғындар өздері жасап алған қоқыс алаңдары бар. Ақтас шағын ауданына жетпей, жиналған орындар көп дейді мамандар. Бірақ, бұл ең әуелі сол маңайдағы тұрғындардың да жауапкершілігі. Экологтар халықтан күл-қоқыс пен қалдықтарды тек арнайы полигонға жетуін қадағалап, жою жұмыстарын да сол маңда жасауды сұрайды.