«ИНЖЕНЕРЛІК БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ:  Цифрлық экономиканың сын-қатерлері». Осындай атаумен бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Айтулы шара техника ғылымдарының докторы, академик Жұмахан  Мырхалықовтың 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.  

 «ИНЖЕНЕРЛІК БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ:  Цифрлық экономиканың сын-қатерлері» деп айдар таққан конференцияға отандық ғалымдармен қатар алыс-жақын шетел білгірлері офлайн форматта қосылды. Айтулы шара нақ осы білім ордасына 2012-2018 жылдары ректорлық қызмет атқарған Жұмахан Үшкемпірұлының 70 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Жұмахан Үшкемпірұлы  Оңтүстік Қазақстан облысының мақта-тоқыма кластерінің дамуына елеулі үлес қосқан ғалым. «Оңтүстік» Еркін экономикалық аймақтың қалыптасуына, тоқыма материалдары өндірісінің технологиясы бойынша ғылыми бағыттарды дамытуға да еңбегі сіңді.  Белсенді қоғамдық қызметі үшін оған Қазақстан Республикасы білімінің Құрметті қызметкері атағы берілді. Бүгінде академик бейнетінің зейнетін көруде. Жиынның салтанатты құттықтау бөлімінде ғалымға сый-құрмет көрсетіліп, қазақы дәстүрмен шапап жабылды.

Ғылым мен технология қазіргі таңда маңызды тақырыптардың бірі болып саналады. Бүгінгі шарада  университет ғалымдары жиналып, университеттің инженерия оқыту саласына қандай өзгешеліктер енгізілетінін талқылады. Аталған шараның мақсаты – дамыған цифрлық технология және жасанды интеллект бойынша жан-жақты ізденіс қуып, инженерия саласына жаңалық енгізу. Қатысушылар инженерлік білім беру саласындағы еуропалық тәжірибені Орталық Азия аймағындағы елдердің білім беру тәжірибесіне қалай көшіру және енгізу туралы мәселелерді шешуге баса назар аударды.

  Президент инженерлер дайындау бағдарламасын  дамытып, жаңа оқыту жүйесін қалыптастырып, осы мәселеге күш салу қажет деп, үкіметке тапсырма берген болатын. Бұл бастама білім беру сапасын арттырып қана қоймайды. Сонымен қатар, ынтымақтастық қарым-қатынастың жаңа бағыттарын тауып, жаңа іргелі келісімдерге қол жеткізілмек.