Шымкенттен 20 тонна жүк тиелген көлік Петропавл қаласына жолға шықты. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтағы ағайынаға көмек ретінде киім-кешек, азық-түлік, сорғылар мен гигиеналық заттар жөнелтілді. Қол ұшын созғысы келетін қайырымды жандардың жұмысын Қазақстан Халқы Ассамблеясы үйлестіріп отыр. 

Жылу жинау жұмыстары «Жүректен жүрекке» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Табиғи апатқа тап болған отандастарға көмек қолын созып жатқандар қатары көп. Олар қалалық ассамблея штабына келіп, керек-жарақтарды жеткізіп жатыр екен.

 Қысылтаяң шақта қолғабыс болып жүргендердің арасында еріктілердің орны ерекше. Бірі гуманитарлық көмек жинап оны артуға жәрдемдессе, енді бірі су тасқыны орын алған аймақтарда жүріп қолдан келгенше көмек көрсетіп жүр.

Айта кетейік, «Жүректен жүрекке» акциясы аясында қайырымдылық жұмыстары әлі де жалғасын табады, дейді ұйымдастырушылар. Ассамблея штабының қоймасында қалған 15 тонна көмек заттары толықтырылып, алдағы уақытта жөнелтіледі екен.