Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде еркін және грек-рим күресінен есту қабілеті төмен жасөспірімдер, жастар және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.

Елшілік доданың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен Қазақстан Республикасының сурдо спорт түрлері бойынша аға жаттықтырушысы Бек Молдахметов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

Сурдо күрес түрлерінен Түркістанда жалауы түрілген сайыстың жоғары дәрежеде өтуіне Түркістан облысының мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы барынша қолдау көрсетіп, өңірде аталған спорт түрінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.  

Ел чемпионатына 10 облыстан 100-ден астам спортшы қатысып, боз кілем төрінде тартысты белдесулер өткізіп жатыр.  Сурдо еркін күрестен еліміздің аға жаттықтырушысы Ерназар Қонысбаевтың айтуынша негізгі мақсат алдағы сурдо олимпиада ойындарына қатысатын еліміздің құрамасын жасақтап, жақсы жетістікке жету дейді.

Жарыс сәуірдің 14-20 күндеріне жоспарланған. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған медальдар және дипломдармен марапатталады.