Шымкентте қонақүй бизнесі әкімшілеріне арналған оқу-семинар өтті.  Іс-шараға шаһардағы қонақүй және мейрамхана бизнесінде  жүрген тәжірбиелі мамандар қатысты. Ал Өзбекстан мемлекетінен келген бизнес тренерлер өз тәжірбиесімен бөлісті.

Оқу-семинардың мақсаты қатысушыларға практикалық білім ғана емес, салада табысты жұмыс жасау үшін қажеті дағдыларды  үйрету болып табылады. Ал қонақүй бизнесінде 15 жылдан астам тәжірбиесі бар бизнес тренер Артем Клыков жергілікті қонақүй әкімшілерімен тәжірбие алмасты.


Артем Клыков, бизнес тренер    
- Шымкентке бірінші рет келіп тұрмын. Мені қонақ үй қызметшілері жылы шыраймен қарсы алды. Өзім осы саланың маманы болғандықтан, сервистік қызметттерге баса назар аудардым. Маған ұнап жатыр. Көрікті жерлерді бүгін аралап, семинарда әрі қарай да өз идеяларыммен бөлісетін боламын. Шымкентті гастрономиялық аймақ деп жүргеннен кейін, мені мұндағы тағамдар, ресторан қызметі қызықтырып тұр.

 Семинар-тренинг екі күнге жалғасты. Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шара алғаш рет 2021 жылы қолға алынған. Бұған дейін гид-экскурсоводтар мен қонақүй әкімшілері қатысып келген семинарға биыл мейрамхана әкімшілері қосылды.  

Бұған дейінгі семинар тренингке Украина, Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Өзбекстаннан мамандар келіп, дәріс өткізген. Бүгінгі семинарға 30-ға жуық қонақ үй және мейрамхана әкімшілері қатысты. Іс-шара соңында қатысушыларға біліктілігін арттырғаны жайында сертификат табысталады. Айта өтейік, үшінші мегаполисте 140 жуық орналастыру орындары яғни қонақүй, хостестер мен пәтерлер бюросы бар.