Қыстың қамын жаз ойла. «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңес мүшелері  3 – Энергоорталыққа зерделеу жұмыстарын жүргізді. Алдағы жылыту маусымына дайындық барысын бақылаған олар, мекемедегі қордаланған мәселелер төңірегінде де сөз қозғады. Оның шешу жолдары қалай қарастырылмақ?

 Қаланы 75 пайыз жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған 3 – Энергоорталық жылыту маусымын сәуірдің 2-не аяқтаған болатын. Бәрі де ойдағыдай өтті, деген мамандар іле – шала жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткендерін жеткізді. Бүгінде мұнда, 1-ші турбиналық генератордың кемшіліктері жойылып жатыр екен. Мамыр айында  2-шісін күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлапты.   

3-Энергоорталықта 3 қазандық бар. Оның 1-шісі жұмыс істесе, 2-шісі мен 3-шісі  қазандығы резервте. Алдағы уақытта 2-ші қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтіліп отыр екен. Оның артынша, №3 қазандықта күрделі жөндеуден өтпек.

3 – Энергоорталыққа зерделеу жұмыстарын жүргізген «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңес мүшелері алдағы жылыту маусымына дайындық барысын бақылай отырып, мекемедегі қордаланған  мәселелерге тоқталды.

Соңғы 6 жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орталықтағы құбырлардың тозу деңгейі 57,7 пайызға төмендеген. Өткен жылы жөндеуге 1млрд 255 мил теңге бөлінсе, биыл 1млрд 34 мил қарастырылып отыр екен.