“Таза Қазақстан” экологиялық акциясының екінші аптасы жалғасып жатыр. Бұл жетіде еріктілер “Киелі мекендердің” ауласын абаттандыруда. Абай ауданына қарасты Темірші әулие кесенесінен басталған шара Әл-Фараби ауданындағы Әлия Молдағұлова ескерткішінде тазалық жұмыстарына жалғасты. Мегаполистің 5 ауданында қатар жүргізілген тазалық акциясына біздің арнаның түсірілім тобы да қатысты,

Адам – табиғаттың төл перзенті. Халқымыз көктем келісімен ауласын тазалап, үйінің айналасына гүл, жасыл желектер егіп, су ағатын арығы, каналдардың көзін ашқан. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы сол дәстүрдің жалғасы. Эколоиялық науқан 5 аптада түрлі тақырыппен жүзеге асады. Өткен жетіде “Таза өлкені” қалыптастырғандар кешеден бастап “Киелі мекеннің” сәнін кіргізуде.

 Бұл күні Темірші әулие маңын тазартуға 100-ге тарта маман жұмылдырылды. 10 техника ағаш кесу, шөп қырқумен айналысты. Еріктілердің ықпалымен мың ағаштың түбі ақталды. Абай ауданындағы шара сондай-ақ Алтынтөбе ауылынан Бадам елдімекеніне дейін жалғасты. Ал Әл-Фарабилықтардың тазалық акциясы Әлия Молдағұлова ескерткішінен бастау алып, Дінмұхаммед Қонаев ескерткішін абаттандыру жұмыстарымен жалғасты.

Әл-Фараби ауданына қарасты Әлия Молдағұлова бюст-тақтасында 20 ға тарта арнайы қызметкерлер тазалық шараларын жүргізді. Атап айтсақ, ескерткішті сүртіп тазалау, қабырғаларын жуып-шаю және де ескерткіш маңын абаттандыру мен ағаш-өсінділерді әктеп-қопсыту шаралары орын алды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шарада шымкенттіктер апта басынан көшелер мен саябақтарды абаттандырды. Көшеттер отырғызды. Бұл жұмыстарға аудан басшыларынан бастап жастарға дейін атсалысуда.