Шымкентте Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасының алдын алуға байланысты залалсыздандыру жұмысы басталды. Мамыр айының соңына дейін қалаға қарасты елді-мекендердегі қора-жайлар дезинфекцияланады. Ал төрт түлік мал кене және өзге де қауіпті ауруларды жұқтырмас үшін вакцинацияланып, бүркіліп-тоғытылады.

 Шымкенттен шалғай жатқан Ақтас елдімекенінде көпшілік төрт түлік мал асырып, күнелтеді. Көктем келе қора-жайларын дезинфекциялап, мал-мүлкін қауіпті аурулардан қорғаудың жолын іздейді. Ауыл тұрғындары биыл да алғашқылардың бірі болып арнайы мамандардың көмегімен залалсыздандыру жұмысытарын бастап кетті.  

 Қала бойынша залалсыздандыру жұмысын «Ветеринарлық қызмет» коммуналдық мекемесі жүргізеді. 2024 жылдың көктемдегі дезинфекциялауға жергілікті бюджеттен 35 миллион 545 мың теңге бөлінген.

Жауаптылар қалада энзоотиялық жұмыстарға арналған ветеринариялық препараттар қоры жеткілікті екенін айтып отыр. Бүгінде арнайы мекемемемен келісім шарт түзіліп, 2 434 литр сұйық «Дизицип» және 34 979 кг құрғақ «Фентифип» супер порошогы алынған. Бұл препараттар қауіпті деп танылған елді-мекендердегі үй-жайға жапсарлас қораларда дезинфекция жұмысында қолданылады. Соның бірі – Тұран ауданындағы ауылдар.

Төрт түлік асырайтын тұрғындар мамыр айының соңына дейін ірі малдарын бүрку үшін дезинсекторларға, ал ұсақ малды тоғыту үшін арнайы әуіттерге жеткізуге міндетте.