Педиатр тапшылығы сезіледі. Бұл тек Шымкенттегі емес, бүкіл Қазақстан бойынша мәселеге айналып отыр. Шаһардағы медициналық академияның ұстазы осылай дейді. Айтуынша, балалар дәрігерінің жұмысын жалпы тәжірибелік маман алмастыра алғанымен, сәби ағзасының ерекшелігін ескеріп, неонотологтар мен педиатрлардың орны бөлек екенін ұмытпау керек.

Неонотолог – 18 күнге дейінгі нәрестелерді емдеу, вакцинациялаумен айналысатын мамандар. Ал одан әрі қарай 5 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын педиатрлар бақылайды. Кей емханада педиатрдың орнына жалпы тәжірибелік дәрігер отырады, дегенмен бала ағзасы ересектерден шамалы ерекшеленеді дейді мамандар.

Алайда, педиатрия саласы тек баланы емдеумен айналысатын ғылым деу қате. Бұл дегеніміз – сау баланың қалыпты жағдайдағы ағзасындағы ерекшеліктер мен өзгерістерді зерттейді. Тамақтану мен өсу процесі мен күн тәртібі де осы дәрігерлердің мойнындағы міндет. Сонымен қатар, ата-аналарға белгілі бір кеңес беру, өмір салтына қатысты пікір білдіру де педиатрдың жұмысы.

Профессордың пікірінше, педиатр мамандарды оқыту мен білім алуына жағдай жасалуы қажет. Себебі, бала денсаулығы – ұлттың саулығы. Сонымен қатар, дәрігер статистика бойынша, қазіргі бүлдіршіндерде көп кездесетін ауруларды тізіп берді. Сөзінше, сәбилерде туа бітті орталық жүйке жүйесінің ақаулары, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, үшінші орында жүрек-қан тамырлар ауруы жиі кездесетін көрінеді. Бұл сырқаттардың нақты себебі жоқ, өйткені әрбір ақауға бір емес бірнеше фактор әсер етеді.