Шымкентте жауын салдары су тасқынына ұласа жаздады. 16 сәуір күні Еңбекші ауданында нөсер жауып, Сайрам көшесіндегі кейбір ғимараттарды су басты.

 Жағдай қазір қалыпқа келтірілді. Қаладағы барлық ауданға қарасты коммуналдық мекемелер су тасқынының алдын алу және нөсер жауыннан болатын қауіпті азайту мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қала тұрғындары шаһардың бір бөлігінде жауын-шашын болғанын, ал орталық аумақта күн ашық тұрғанын байқаған.

Қазіргі таңда қаланың барлық аудандарында коммуналдық қызметке жауапты компаниялар мен мотопомпалар мен электр сорғыларын пайдаланып, қаланың су бұру жүйелерін, құдықтар мен таза су қабылдайтын арық желілерін қадағалап отыр. Ал жайлы ортаны дамыту басқармасы жаңбыр суының деңгейі үнемі бақылауда дейді. Сондай-ақ, мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына судың кедергісіз өтуі үшін арықтарды, кәріз желілерін және каналдарды таза ұстап, қоқыс тастамауды сұрайды.