Шымкенттегі ЖОО су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жылу жіберді. Гуманитарлық көмектің ішінде төсек орын, киім – кешек пен резеңке етік бар. Сондай – ақ, қазіргі таңда қажет болып тұрған қап, күрек, қолғап,  азық – түлік пен тұрмысқа қажетті заттар да бар. Осылайша, білім ордаларының ұжымы бақытсыз жағдайға бей – жай қарамайтындарын білдіруде.

Ел басына күн туған шақта жұмыла жылу жинаған Шымкенттегі 5 бірдей ЖОО ұжымы апат аймағындағы әріптестерімен байланыса отырып қажетті заттарды  алған. Материалдық көмектің ішінде төсек орын жиынтығы,  киім – кешек пен азық – түлік, тұрмысқа қажетті заттар бар. Сондай – ақ, қап, күрек, полиэтилен жабындысы, су соруға арналған құралдарда  

Қысылтаяң кезде қолдарынан келген көмекті аянып қалмаған Ө. Жәнібеков атындағы ОҚМУ ұжымы бір күндік жалақыларын жинап, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі студенттердің отбасына қаржылай көмек беруді  ұйғарыпты. Одан бөлек, қажетті заттарды алған.

 Ұстаздарынан үлгі алған шәкірттер де қарап отырған жоқ. Олар пікірсайыс, жәрмеңке ұйымдастырып жиналған қаржыны қайырымдылыққа жұмсамақ ниетте. Сондай – ақ, ЖОО студенттер жасағы құрылып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баруға дайындалып жатыр екен.

Материалдық заттар бүгін арнайы жүк көліктеріне тиеліп  Шымкент қаласынан Батысқа қарай жолға шықты. 50 тоннаға жуық гуманитарлық көмек бұйыртса, екі күннен кейін су тасқынынан зардап шеккен өңірге жетеді. Бұл ретте, әр университеттен жауапты қызметкер бекітіліпті.