«Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Бұл жолы мамандар мен еріктілер Еңбекші ауданындағы саябақтар мен аллеяларды аралап, күл-қоқыстан тазартуға шыққан. Сабыр Рахимов атындағы «Жеңіс» саябағы мен Қапал батыр аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Жеңіс» саябағын барлық мекемелер мен мердігерлер, тұрғындар жиналып тазалап жатыр. 60-шақты арнайы техника жұмылып, 250-ге жуық адам акцияға атсалысып үлес қосты. Мамандар осылай үлгі көрсетіп, қала тұрғындарынан көшеге күл-қоқыс тастамауды, айналасын таза ұстауды өтініп отыр.

Акцияға «Еңбекші» мемлекеттік мекемесі тарапынан 70-ке жуық қызметкер жұмылып отыр. Бұл апта «Киелі мекен» аталымы бойынша өтіп жатыр. Мәдени орындар мен кесенелерді, саябақтар мен тарихи жады бар жерлерді тазарту жұмыстары көзделген.

 Ауа райы осылай қолайлы болса, осы бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Жоспарда Қапал батыр ескерткішін жуып-шайып, айналасын тазалау бар. Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аймағы мен өңірінде өтіп жатыр. «Киелі мекен» апталығынан соң ағаш егу науқаны басталады.