Футболдан премьерлига командаларының арасындағы 8-тур ойындары аяқталды. Шымкенттегі Қажымұхан атындағы орталық стадионында «Ордабасы» командасы өз алаңында Қазақстан чемпионатында бірді-бір рет жеңілмеген Қостанайдың «Тобылын» қабылдады.
Жергілікті жанкүйерлер кешегі Кубок ойындарындағы жеңілістен кейін бұл матчтан үлкен үміт күтті. Бас бапкер Александр Седнев баптайтын ордабасылықтар биылғы футбол маусымында Ел чемпионатында өздерінің мықтылықтарын көрсетіп, бүгінге дейін бірде-бір рет жеңілмеген Тобыл командасына тойтарыс берді. Ә дегеннен ақ шабуылға лап қойған шымкенттіктер алғашқы сәттен бастап ойын тізгінін өз қолдарына алды. Өскеменнен келген бас төреші Александр Затуланың әділдігінің арқасында жерлестеріміз маңызды деген жеңіске қол жеткізді. Ойынның 19-ші минутында команда капитаны Асхат Тағыбергеннің әуелете берген добын тобылдықтар қайтарғанымен сол жерде оңтайлы тұрған украиналық легионер Артем Беседин голға айналдырды. Есеп 1:0.
Милич Чурчич сербиялық маман баптайтын Қостанайдың «Тобыл» командасын қазір алтынға үмітті мықты командалардың қатарына қосып келе жатқаны белгілі. Ойын барысында есепті өзгертуге қонақтар қаншама күш салғанымен тас қамал қорғаушылар Темірлан Ерланов, Сергей Малый сынды шебер ойыншылар қателікке бой алдырмады. Әсересе, қақпашы Бекхан Шайзада өзінің шын шеберлігін көрсетіп, жанкүйерлерін қуантты. Бұл матчта өрескелдік танытқан ойыншылардың қатары өте көп болды. Бауыржан Исламхан ойынның 8-ші минутында ескерту алды. Ал, Тобылдың ойыншысы Милоданович қатарынан алған екі ескертуінен кейін алаңнан қуылды. Осындай маңызды кездесуде жерлестеріміз өздерінің үстемділігін танытты. Сонымен қатар, екі жыл бойы ойыннан шеттетіліп,енді оралған Айбол Әбікен Ордабасы сапында өзінің чемпионатттағы алғашқы ойынын өткізді. Шебер ойыншы өзінің бабында екендігін байқатты. Тур барысында осы стадионда бір күн бұрын кезекті кездесуін өткізген Түркістан облысының «Тұран» командасы мен Талдықорғанның «Жетісу» командасы жолығып, Қайрат Нұрдаулетов баптайтын Жетісудің бағы басым болды. Есеп 2-3. Осы жеңісінен кейін Жетісу турнир кестесінің 4-ші орынына жайғасты. Ал, өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:1 есебімен ұткен Семейдің «Елімай» футболшылары екінші орынға көтерілді. Турнир кестесінің көшін атақты «Ақтөбе» командасы бастап келеді. «Ордабасы» үздік бестікке енді. Енді 18 мамыр күні жерлестеріміз Ақтөбеге қонаққа барады. Осы шешуші ойын екі команданың да алтын медалге таласуға мүмкіндіктерін анықтайтын болады. Жерлеcтерімізге жеңіс тілейміз!