Шымкентте ешкілер көрмесі өтті. Республикалық деңгейдегі жиынға алыс-жақын өңірлерден 60-тан аса асыл тұқымды ұсақ мал әкелінді. Мамандар олардың сүті, оның майлылығы мен дене тұрқына қарай үздіктерді анықтады.

Шымкентте «Сексек ата» төлін ұстаушыларға арналған республикалық көрме өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осылайша ұсақ мал түрін халықаралық деңгейге шығару жоспарланған. Мақсат - асыл тұқымды ешкілер санын арттыру екен.  

Молдабек Аяпов, көрмені ұйымдастырушы
- Көрменің мақсаты – асыл тұқымды ешкілерді баға отырып, осыған субсидия алып, қазақ елінің жастарына өзіміздің табиғи өнімді ұсыну.

 Асыл тұқымды ешкілер көрмесі екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің бірнеше өңірінен, атап айтсақ Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан шаруалар келді. Олар бұл сайысқа белсенді дайындалғанын айтады.

Көрме қорытындысы бойынша жарыс өтті. Оның ішінде «Ақмамық» лақап атымен танымал ешкі 4 литрге дейін сүт беріп үздік атанған. Ал «Толағай» атты теке дене бітімінің ірілігі, ерекшелігімен бірінші орынды еншіледі.

Үшінші мегополис Шымкентте ерекше ешкі көрмесін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, аталған малға көпшіліктің қызығушылығын арттырып, асыл тұқымды үй жануарын көбейту қолға алынбақ.