Апат айтып келмейді. Тілсіз жаумен күресте абдырап қалмай, бірінші кезекте  нені білуіміз керек? Орман және өзен- көл жағалауында демалғанда қандай қағидаларды есте сақтаған абзал. Осы орайда, Ордабасы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мен орманшылар бірігіп түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Еліміздегі жалпы орман қорының 11,4 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Өңірде  3,5 млн. гектарға жуық орман қоры бар болса, оның 4759 гектары Ордабасы ауданының аумағында орналасқан. Арыс, Боралдай, Бадам өзендері мен Бөген су қоймасының айналасын алып жатқан жасыл желекке күн жылына келе бастайтын демалушылардың қарасы көбейетіні анық. Оларға түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

 Шомылу маусымының басталуына орай суға түсіп салқындағысы келетін ағайынға төтеншеліктердің айтары бар. Алғашқы кезекте белгіленбеген орындарға шомылмауды ескерткен мамандар  балаларды қараусыз қалдырмау керектігін, мас күйде суға түсуге тыйым салынатынын айтады. Сондай – ақ, жүзу тақтайшалары мен үрмелі матрас, камераларды мүлдем қолдануға болмайтындығын қаперіңізде сақтағаныңыз абзал.

Бақытсыз оқиғалардың алдын- алу мақсатында төтеншеліктер үй – үйді аралап тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Сонымен қатар, олар көше бойларына билвордтар иліп, ақпараттық парақшалар тарқатуды бір сәтке болсын тоқтатқан емес.    

Тілсіз жаумен күресте төтеншеліктер әрбір азамат селқостық танытпаса, дейді.  Егер, оқыс оқиғаның куәгері бола қалсаңыз бірден 101 немесе 112 телефонына қоңырау шалып, көмек шақыртыңыз! Туған жердің табиғатын қорғау баршамыздың міндетіміз екенін ұмытпайық.