Биыл Бадам өзенінде жылдағыға қарағанда су молырақ. Оның, бірден бір себебі, көктемнің жауынды болуында, дейді мамандар. Осы орайда, өзен жағалауында  орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігі үшін құрылыс басталған болатын.

Бастауын  Қаржантау жотасынан алатын Бадам өзені Шымкенттің 48 шақырымын басып өтеді. Әзірге, қызыл судан келетін қауіптің жоқ екенін жеткізген қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілхайыр Оңғар 6 елді мекенде жаға бекіту, өзен арнасын кеңейту, тереңдету  жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.

 Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде, елді мекендерге төнетін қауіп сейіліп, судың сыйымдылығы едәуір есеге дейін артады деп күтілуде. Қызыл судың кеуелеп кетпеуі үшін арнаның арғы беті мен бергі беті толық бетондалады екен.

Жұмыстар жүре бастағанда балаша қуанған маңайдағы ағайын тірліктің уақтысында тәмәмдалуын талап етіп отыр. Бұл ретте, ақ жағалылардың берген уәдесін  ұмытқан емес. Көпірдің салынуын көпшілік күтіп отыр.

6 нүктеде жүріп жатқан құрылыс жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Осылай деген жауапты басқарма басшысы табиғаттың байлығына қол сұғушылармен күрес үздіксіз жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жыл басынан бері өзен бойында заң бұзу әрекеттері тіркелмепті.