Қазақстанда сот шешімімен келіспеген азаматтар кассациялық шағым беруге мүмкіндік алады. Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. Әзірге Заң жобасы депутаттардың қарауында. Шымкент қалалық сотында жаңа реформаларды таныстыру мақсатында «ашық есік» өтті. Медиаторлар мен адвокаттар, үкіметтік емес ұйым мүшелері көкейдегі сауалдарына жауап алды.
Әкімшілік әділет саласы реформаға ұшырады. Әкімшілік-процестік кодекстің күшіне енгеніне 3 жылдан аса уақыт өтті. Енді елімізде сот шешімінің орындалуы қатаң қадағалауда болады.
Сот жүйесінде тағы бір өзгеріс – кассациялық шағым беруге мүмкіндіктің тууы. Әзірге бұл Заң жобасының жай-жапсары белгісіз, бірақ мақсат айқын – адам құқығын қорғау. Ашық есік күніне келгендерге қылмыстық істер жөніндегі сот алқасындағы өзгерістер жайы да айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілік күшейіп, мұндай айып арқалағандар шартты түрде босай алмайтын болды. Бұл үкім педофильдер мен террористерге де қатысты.
Мамандардың сөзінше, қазір әкімшілік әділет саласы бойынша сотқа жүгінетіндердің басым бөлігі салық және жер даулары бойынша мәселемен келеді. Судьялар аталған проблемалар Заң аясында шешіліп жатқанын мәлімдеді.