Әлеуметтік желі дамыған сайын интернет алаяқтық қылмысы өршіп барады. Халыққа қанша түсініктеме жұмыстары жүргізілсе де әр қуға 10 аңғал адам табылады. Осы өзекті мәселе күнтәртібінен түскен емес. Бұл жолы Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы ұйытқы болып, жастармен кездесу өткізді.

Бұл қылмыс түрі соңғы бес жылда жаңарып, жанданып келеді. Мәселен мегаполисте 2021 жылы 1174 алаяқтық қылмысы тіркеліп, азаматтарға 553 млн теңге шығын келтірілген. Ал 2022 жылы 1161 қылмыс орын алып, 878 млн теңгені қолды еткен. Былтырғы статистика аталған іске байланысты қылмыстық оқиғаның азайғанын көрсеткенмен, келтірілген шығын 991 млн 870 мың теңгеге өскен.

Интернет алаяқтарды құрықтау құқық қорғау органдарына қиындық тудырады. Біріншіден оңай ақша табамын деп алданған адам дер кезінде шағымданбайды. Олжасын бір жеті күтіп жүргенде қылмыскерлер ізін суытады. Мәселен аңғал азаматтардан тартылған қаржы жеті, сегіз банк счетына аударылып үлгереді. Қаржы институтындағы есеп шотты бұғаттау уақытты талап етеді.

Аңғал жастар алаяқтарға алданып қана қоймай сол қылмысқа қалай қатысып ткеткенін білмей қалады,-дейді полицейлер. Қаржы пирамидаларынан бөлек желідегі сауда саттық сайттарында да алаяқтық қылмысы кең етек алған. Халық көп қолданатын «Крыша.кз», «Колеса.кз» сайтарының өзінде де күмәнді сатушылар көп. Сондықтан құқық қорғау орган қызметкерлері азаматтарды барынша сақ болуға шақырады.