Мұсылманша неке куәлігі ресми құжат емес, естелік қана. Екі жастың құдай алдындағы адалдығының айғағы. Ал заңды некесіз оның күші жоқ. Бұл дегеніміз – мемлекет алдында мұсылманша үйленген жарыңыз азаматтық неке боп саналады. Әділет министрлігінің өкілдері имамдар заңды неке куәлігінсіз мешітте екі жасты қоса алмайтынын айтты.

Қала тұрғыны Зәуре апайдың дағдарыс орталығынан шыққанына 1 жылдан асқан. 3 баланың анасын отағасы оп-оңай тастап кете салыпты. Бар себеп – басқа әйелді сүйіп қалуында. Заңды некенің болмауы ажырасу процесін қиындатып жіберген. Ал, мешіттегі неке куәлігінің еш заңды күші болмай шыққан.

Тұрғындардың айтуынша, қазір жастар ең алдымен мешітке барып некесін қидырады. Содан кейін салт-дәстүр, жөн-жоралғысын жасайды. Заңды неке екінші орында, тіпті соңғы этапта болып жататын кездер аз емес. Халықтың құқықтық сауаты жоғары болуы керек.

Мешіт – кез-келген адамның некесін қиып бере салатын орын емес. Ислам дінінде неке жариялы болмаса, күмәнді боп есептеледі. Имамдар да заңды неке куәлігінсіз, екі жанды үйлендірмейміз деп отыр. Бұл да кейбір отбасылық кикілжіңнің, діннің қателікті ақтайтын құрал болмауының алдын алу. ҚР Әділет министрлігі тарапынан мұсылмандар діни басқармасына түрлі ұсыныстар берілген. Ешбір имам заңды неке куәлігінсіз екі жасты үйлендірмеуге тиіс. Неке қиюда ер мен әйелге қойылатын бір талап осы болуы керек. Рұқсатсыз үйлендіру заңға қайшы. Кейбір ашық дереккөздерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 15-18 жас аралығындағы жастар арасында 30 мыңнан астам неке қиылған деген дерек бар. Бұлардың бәрі мешіттен де, АХАЖ-дан да тыс қиылғаны анық. Кез-келген дін қызметкері қия беретін неке ойыншық емес деп отыр мамандар. Оның үстіне, қазір ешқайда шықпай-ақ, некені онлайн рәсімдей салу оп-оңай. Ал қала тұрғыны Зәуре енді екінші рет тұрмысқа шықпаймын деп отыр.