Жол қозғалысы ережелерін мопед пен электроскутер тізгіндеген жастар жиі бұзады. Бұл көліктердің тіркеу номері болмағандықтан бейнебақылау камералары да қауқарсыз. Тәртіп сақшылары Түркістан облысында 300-ден астам мопед пен электроскутер жүргізушілерін аңдып жүріп жауапқа тартқан.
Рейд барысында жол қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін елемей, қайғылы жағдайға әкелетін мопед, мотороллер және электроскутер жүргізушілеріне баса назар аударылыпты. Тәртіп бұзғандардың басым көпшілігі жастар. Оның ішінде 16 жасқа толмаған адамның мопедті басқарғаны үшін 13 жасөспірімнің ата-анасы мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тәртіп сақшылары 18 жастан асқан адамдарға электр мотороллермен және мопедтермен, сондай-ақ жолдың оң жақ шетімен жүруге рұқсат етілгенін еске салады. Қос дөңгелекті қош көретіндер арнайы бас киім киіп, жүргізуші куәлігі болуы керек.