Шымкентте жер дауы әлі басылмаған. Әсіресе мегаполиске  кейін қосылған аймақтарда шикілік көп. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездескен  тұрғындар осы мәселеге нүкте қоюды өтінді. Еңбекші ауданындағы түйткілді мәселелерді тілші әңгімелейді.
Шаһар басшысына Еңбекшідегі Шаңырақ шағын ауданының тұрғындары мәселелерін жайып салды.  Қоғамдық көлік бағыттарын өзгерту, жарықшам, аялдама, жаяу жүргінші жолақтары секілді шешімі бар  мәселелерін айтып, оның орындалу уақытында білді.  Шағымдардың өзектісі Шаңырақтағы жер дауы. Бір жер телімі құжаты екі-үш адамның атына жазылып, даудың аяғы соғылып қойған үйлер сүріліп жатқан көрінеді.


 Бұл көршілес аудандардан қала шеңберіне енген аймақтарда жиі кездесетін мәселе. Жер телімдері сол уақыттарда аудан әкімдерінің шешімімен берілген. Мәселені тыңдаған мегаполис басшысы осыған байланысты құқықтық кеңес беретін топты жақын арада Шаңыраққа шақыруға уәде етті.  

Жер дауына нуктені заң органдары қояды. Қала басшысы белден басып, сот шешіміне қарсы шыға алмайтынын жеткізді. Барлық мәселе заң аясында шешілу қажеттігін тілге тиек етті.