Түркістан облысында 1 279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, 1 216-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. 100 пайызында сығымдау жұмыстары жүргізіліп, 1157-сінде жылу маусымына дайындық паспорты алынды. Қалған 122 нысан дайындықтан өтіп жатыр. Осы мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста кеңінен талқыланды.  
 Өңірдегі 107 білім беру мекемелерінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен  2,2 млрд. теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Табиғи газға ауыстырылып жатқан 107 білім беру ұйымының қатты отынмен жылытылатын 1 қазандығы қалдырылып, қатты отынмен толық қамтамасыз етілген. Жылу беруге толығымен әзірленген. Сонымен қатар күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 30-ға жуық білім беру ұйымының жылу жүйелері жаңартылды. Өңірдегі  6 аудан, қалада жылу беру маусымы 15 қазаннан басталды.