Бәйдібек ауданының потенциалы толық пайдаланылмай отыр. Әсіресе, туризм саласын дамыту қажет. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қалалардың даму жоспарын талқылау барысында айтты.  Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндады. Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.

 Басқосуда облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бәйдібек ауданының потенциалы толық пайдаланылмай отырғанын айтты. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, туризмді дамытып, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды қолға алуды жүктеді. Инвестициялық жобалаларды жүзеге асыруда кадр тапшылығы мәселесінің орын алатынын айтқан әкім ауылдарға мықты кадрларды тарту керектігін айтты.
Бәйдібек ауданын 3 бағыт бойынша дамыту жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласын, шағын және орта кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға басымдық берілмек. Жалпы 9 айда өңірлік өнім көлемі 42,3 млрд. теңгені құраған.

2024 жылы 29,4 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Ауданда мал шаруашылығы, құс және балық шаруашылығын дамытуда жаңа жобалар қолға алынбақ. Биыл 745 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, 2028 жылға дейін жалпы құны 1,8 млрд. теңгеге құрайтын 6 жоба іске асырылып, 1511 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр.