Түркістандағы Ұлы дала елі орталығында Нұртас Оңдасыновты еске алуға арналған кеш өтті. «Халқының адал перзенті» атты танымдық-мәдени іс-шараға келгендер алдымен ұлы тұлғаға арналған көрмені тамашалап, қайраткердің жүріп өткен жолымен танысты.
Нұртас Оңдасынов Қазақ үкіметін 13 жыл басқарған азамат. Қазақ ұлттық консерваториясын ашқан. Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиевтердің аты шығуына тікелей ықпал еткен қазақ халқының біртуар дарынды тұлғасы. Жиында аптал азаматтың жақсы қасиеттері кеңінен айтылды.
 Жиында «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасы Нұртас Оңдасынов туралы баяндады. «Яссы» халықтық би ансамблінің шығармашылығы ұсынылды. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, би биледі.
 Нұртас Оңдасыновтың арнайы ғылым докторы, кандидат деген атақ-дәрежесі болмаған. Соған қарамастан зейнеткерлікке шыға сала тапжылмай 25 жыл арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып тастаған азамат. Жиынға қатысушылар осылай деді.