Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет жеке қабылдау өткізді. Кезектілік тәртібімен жазылған өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оған құқық қорғау органдарының басшылары мен департамент пен басқарма басшылары қатысып, әр мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысты.
Жеке қабылдау ашықтық қағидатына негізделгендіктен, келушілер көп болды. Азаматтардың өтінішін тыңдаған өңір басшысы барлық мәселенің тек заң шеңберінде шешілетінін айтты. Барлық ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Тұрғындар көтерген сұрақтар сан алуан. Көпшілікті жер телімін алу, баспана кезегі, тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту және әлеуметтік салаға қатысты мәселелер толғандырады. Өтініштерді мұқият тыңдаған облыс басшысы жауапты мамандар мен сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер хаттамаға түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Облыс әкімдігі тарапынан бүгінге дейін 60-қа жуық жеке қабылдау өткізіліп, 600-ге жуық тұрғынның мәселесі тыңдалған. Сондай-ақ аудандарға жұмыс сапары барысында да өңір басшысы халықты жеке қабылдап, тұрғындар айтқан түйткілдер реттілігіне қарай шешімін тапты.