Түркістан қаласында 25 қазан – Республика күні қарсаңында 2000 орынға есептелген алғашқы жайлы мектеп ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және қолдауымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.
4 қабатты білім ұясындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті кабинеттер, пандустар, жедел сатылар, арнайы бейімделген әжетханалар салынған.
Айта кетейік, Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 мектеп салынып жатыр. Оған қоса облыстық бюджеттен және арнайы қордың қаржы көздерінен 20 мектеп пен 1 музыкалық мектеп бой көтеруде. Оның ішінде төртеуі ел игілігіне тапсырылып үлгерді. Қалған мектептердің құрылысы жалғасуда. Жалпы 14 білім нысаны биыл тапсырылса, 7 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі. Түрлі жобалар мен қаржыландыру көздері есебінен екі жылда 50 білім нысаны пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін таппақ.