Тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайтын жандар үшін «Қамқор» бағдарламасы таптырмас мүмкіндік. Бұл санатқа медицина мамандары мен мұғалімдер, жоғары оқу орындары мен коледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер мен журналистер сынды тағы басқа да сала өкілдері жатады. Өтінімдер 28-ші қарашаға дейін қабылданады. Ол үшін соңғы бес жыл ішінде өтінім беруші мен оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй тіркелмеген болуы шарт.
Жобаға қатысушы 20 млн теңге көлеміндегі үй жобасын ұсынып, оны 6 пайыздық несие негізінде 20 жылға дейін рәсімдей алады. Алғашқы жарна 10% құрайды. Егер сіз таңдаған үй бағасы 20 миллион теңгеден асар болса, қалған сомманы өз есебіңізден төлеп, жобаны жалғастыра аласыз.
ЕРКІН АХЫНШАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШҚФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Қатысушының жасы 63-тен аспауы тиіс. Екінші талап ҚР бойынша соңғы 5 жыл ішінде өзінің және туысқандарының атында үй болмауы керек. Шымкент қаласының тұрғыны болуы керек және өз саласында 6 айдан көп жұмыс істеген болуы керек.»
«Qamqor» бағдарламасын қаржыландыруға 8 млрд теңге бөлінген. Оның 5 млрд-ы жергілікті бюджет есебінен болса, 3 млрд-ы «Отбасы банк» тарапынан ұсынылған. Соның негізінде 400 азаматты баспанымен қамту жоспарланып отыр. Ал былтыр 150 отбасы осы жүйе негізінде баспаналы болған. Өтінім беру мерзімі аяқталғаннан соң арнайы комиссия құрылып, үй алуға ниетті азаматтарды белгіленген критерилер шеңберінде іріктейді.
МАДИНА БАЙМАХАНБЕТОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ
– «28 – нен кейін, өтінім беру мерзімі аяқталған соң өтінімдерді қарау кезеңі басталады. Төлем қабілеттілігіңіз банк тарапынан тексеріледі.»
Ескеру керек жайт бар. Өтінім берушілерді іріктеу барысында үй алуға ниетті азаматтың некеде тұрған жыл саны, балалар саны, Шымкент қаласында тіркеуде тұрған жылының ұзақтығы мен «Отбасы бакнк» шотындағы депозит мөлшері негізге алынады. Есептеу нәтижесінде үміткерге балл қойылып, көрсеткіші жоғары 400 азамат баспаналы болмақ.