Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты сәтті іске асты деуге болады. Ішкі істер министрлігі, құқық қорғау органдары осындай байламға келіп отыр. Себебі биыл елімізде қылмыс саны азайып, оған төзбеушілік деңгейі едәуір өскен. Құқықбұзушылық пен заңсыздыққа немқұрайлы қарамайтын қоғам қалыптасып келеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл елдегі қылмыс саны 10 мыңға, ал қылмыстық құқықбұзушылық 5,5 мыңға дейін азайған. Әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу 40 пайызға артса, іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскер ұсталды.
ЕРЛАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ
«Президентке тапсырмалардың орындалуы жөнінде хабарладым. «Заң мен тәртіп»қағидатын іске асыру, ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кадр процестерін цифрландыру және қылмыстық атқару жүйесін дамыту туралы баяндадым»
Басқа өңірлердегідей Шымкентте де қылмыс саны былтырғымен салыстырғанда едәуір азайып отыр. Жүйелі жұмыс нәтижесінде қоғамдық орындағы қылмыс 10 пайызға, оның ішінде көшедегі қылмыс саны 2 процентке азайған.
ҰЛЫҚБЕК МЫЛТЫҚОВ, ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Биылғы көрсеткіш бойынша, адам өлтіру 17 пайызға, зорлау 13, ұрлық 29, алаяқтық 22, тонау 36, қарақшылық 33 пайызға азайған»
2024 жылдың басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген. Әңгіме барысында елімізде болған саяси оқиғалар мен алға қойылатын мақсат шеңбері айқындалған еді. Сонымен қатар елде «Заң мен тәртіп» қағидаты берік орнап, халықтың зорлық-зомбылыққа төзбеушілік деңгейінің өскенін қалайтынын жеткізген. Бұл жөнінде сұхбат авторы Дихан Қамзабекұлы да мәлімдеген еді.
Президенттің пікірінше, халықтың құқықтық сауатын арттыру маңызды мәселеге айналуы қажет. Жағымсыз үрдістердің белең алуы ел дамуын тежеп, мемлекеттің абыройына нұқсат келтіретінін жеткізген еді. Елімізде құқықтық нигилизм, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуі керек. Бұл барша халыққа ортақ міндет.