«Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан жоба «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында техникалық мамандық иелерін қолдауға арналған.

 Яғни өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласы қызметкерлерін қамтиды. Ол үшін 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр екен. Талап бойынша  азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7%, қалған барлық санаттар үшін 9%-дық мөлшерлемемен несие беріледі. Бұл ретте, бастапқы жарна – таза әрлеудегі тұрғын үйді сатып алу үшін 10%. Ал,  әрленбеген үйді немесе қайталама нарықтағы баспананы алу үшін 20%-дан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге. Өтінімдерді қабылдау 17 наурызда басталады. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейтін болады. Бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуін білдіреді.