Өткен жылы Түркістан облысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру жұмыстары бойынша республикада бірінші орынға шықты. Осы арқылы өңірдегі инфляция көрсеткіші төмен деңгейде сақталып келеді, яғни 7,5%-ды құраған. Бағаны тұрақтандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Айтылған мәселе аппарат мәжілісінде қаралып, облыс әкімі тиісті тұлғаларға жұмысты ширатуды тапсырды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ықпалымен бірнеше заңбұзушылықтың жолы кесілген. Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияда 281 факті қаралып, әкімшілік айыппұл салу үшін тиісті органдарға жолданған. Жыл басынан бері картоптың сауда үстемесін асырудың 7 фактісі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылған.
Қазір қорда 32 мың тонна азық-түлік бар. Маусымаралық кезеңде бағаның тұрақсыздығы тіркелген жағдайда бұл 6 айға жетеді. Көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін тауар өндірушілермен алдын ала форвардтық келісімдер жасалған. Жұмыстар жалғасуда.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдағыдан 37 мың гектарға ұлғайтылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін және ерте пісетін өнімдерді 31,5 мың гектарға егу жоспарланып отыр. Ендігі меже - одан 736 мың тонна жеміс өндіру.
 Облыстың ірі қалаларында 36 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Мамандар тағы екі дүкен ашуды көздейді. Әлеуметтік дүкендер және әлеуметтік бұрыштардағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен сатылып жатыр. Бір ғана мысал, жыл басынан бері Түркістан қаласының тұрғындарына 17 жәрмеңке өткізілді.