Жұмыс істейтін жастарға берілген 42 баспана мақсатсыз пайдаланылған. Олар мемлекетке қайтарылып, өзгелерге үлестірілді. Бұл ретте, бақылау жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекті рейдке шыққан тиісті басқарма өкілдері тағы қандай кемшіліктерді анықтады? Толығырақ алдағы сюжетте.
Бұл Тұран шағын ауданындағы 34/02 үй. 60 пәтерлі тұрғын үйдің тең жарымы «Жастар» бағдарламасы бойынша үлестірілген. Қоныстанғандарына жылға жуықтаған отбасылар тексеруші топты жатырқамай қарсы алды.
Бақылау барысында есік ашпағандары да болды. Оларға қайта ораламыз, деген мамандар, келісім-шартта көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда пәтерлер қайтарылатынын жеткізді. Бірақ, бірден емес. Алдымен ескерту беріледі. Елемеген жағдайда сотқа арыз жолданады.
АЙДАР НҰРМАҒАМБЕТОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ
«Бүгінгі тексеріс барысында 3-ші тапқа беру жәйті анықталған жоқ. Барлығында өз иелері тұрып жатыр. Сонда да 3-ші тұлғаға жалға беруге болмайтынын ескерттік. Егер анықталған жағдайда біздің тараптан ескерту жасаймыз. Екінші рет акт түзіледі. Үшінші рет те қайталанса сот арқылы үйді тартып аламыз».
Өкінішке орай, 2023 жылы аталмыш бағдарлама бойынша берілген 2 үй сот арқылы, 7 пәтер өз еріктерімен кері қайтарылған. Ал 5 жылдың ішінде 42 баспананың мақсатсыз пайдаланғаны анықталып отыр. Өткен жылдың қорытындысы ақпан айының ортасына таман жарияланатынын жеткізген тұрғын үй басқармасының баспасөз қызметі 900 пәтер дайын екенін айтады. Бұл жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана бағдарламасының соңғы легі. Жоба 2020 жылы басталған болатын.