Түркістанда «Көктем-2025» оқу-жаттығуын өткізу үшін дайындық басталды. Бүгін Департаменттің дағдарыс орталығында облыстық штабы құрылып, «Дабыл-1001» сигналы хабарланды. Су басуы мүмкін аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау және облыстың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл жоспарлары нақтыланды.
Төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша авариялық-құтқару, кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге өкімдер шығарылған. Барлық қала мен аудандарда су тасқынына қарсы іс-шаралары мен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары өткізілді.
Облыстың азаматтық қорғау күштерімен практикалық іс-қимылдарды пысықтау шеңберінде ұзындығы 6 шақырым арық-атыздар тазаланып, 1,2 шақырым қашыртқы каналдар қазылған. 750 метрге тереңдетіліп, 470 метрге топырақ толтырылған. 3400 дана қаппен қорғаныс дамбасы тұрғызылды. Су өткізуге арналған 100-ге жуық құбыр, 150 тюбинг күл-қоқыстан тазаланды.
Оқу-жаттығу барысында облыстың басқару органдары мен күштері іс-қимылдарының алгоритмі пысықталып, нақтыланды. Жалпы іс-шараға 92 техника, 635 адам жұмылдырылды. Қазіргі таңда облыс аумағындағы тау бөктеріндегі қар қоры өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Шардара су қоймасындағы су көлемі 4 млрд. 445 млн. м3, яғни 85% толып тұр. Сонымен қатар облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің жағдайы қатаң бақылауда. Қазіргі таңда, өзен арнасында мұздың қату жағдайы байқалмайды.