«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Balapan» телеарнасы 20 наурыздан бастап «Шоқан. Қашқария сапары» атты алғашқы толықметрлі мультфильмін ұсынады. Шоқан Уалихановтың 190 жылдығына орай ғалымның атақты экспедициясының бірі «Қашқарияға сапарын» негізге ала отырып, шытырман оқиғалы фэнтези жанрында жасалған анимациялық туындыны еліміздің барлық кинотеатрынан тамашалай аласыз.
Фильмнің сюжеті ғалымның әйгілі экспедициясына негізделген. 1858 жылы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға жасырын барып, Орта Азия халықтарының өмірі мен мәдениетін зерттеген. Бұл сапардың нәтижесінде ол бүкіл әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырған маңызды деректер жинады. Анимациялық туынды осы тарихи оқиғаны негізге ала отырып, көрермендерді таңғажайып оқиғалар мен шытырманға толы әлемге жетелейді. Фильмде тек тарихи деректер емес, қиял-ғажайып элементтер де кездеседі. Бұл жас көрермен үшін қызық әрі оларды тарихымызбен таныстыратын ерекше жоба болмақ.