Түркістандық полицейлер мереке күндері камера арқылы мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтаған. Демалыстың бес күнінде полицияның "102" арнасына 1078 хабарлама келіп түскен. Сондай-ақ жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тағы 1050 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 102 автокөлік айыптұраққа қойылған.
Сақ әрі жедел әрекеттенген тәртіп сақшылары орын алған 2 қылмысты әшкерелеп, ізін суытпай ашқан. Ресми мәліметке сүйенсек, құқық бұзушылықтардың 80 пайызы жол ережесін сақтамау, ал қалған 20 пайызы қоғамдық орындардағы заң бұзушылықтар. Мәселен 23 наурыз күні Шымкент қаласының тұрғыны Chevrolet Laсetti авто көлігіне тиесілі мемлекеттік номерді өзінің басқаруындағы Huyndai Tuсson автокөлігіне заңсыз тағып, Түркістан – Кентау бағытында кетіп бара жатқан жерінен ұсталған. Көлік айыптұраққа қойылып, құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды.