Бүгіннен бастап Ұлттық Банк ежелгі сақ үлгісімен безендірілген 1000-теңгелік купюраларды айналымға шығарды. Қадағалаушы мекеме мәліметінше, бұл сақ үлгісімен сәнделген төртінші жаңа банкнота болғалы тұр.
Банкноталар жаппай қолданысқа жылдың екінші жартысында ғана беріле бастайды. Себебі, оларды аймақтарға жеткізу, жабдықтарды бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет. Купюра түсі – қоңыр және ашық қоңыр. Бет жағында көкте қалықтап ұшқан құс пен «өмір ағашының» бұтағы бейнеленген. Есік қорғанында табылған Алтын адамның бас киімінде осындай ою бар. Ал көне тартпа Бесоба қорғанында табылған. Ал ақшаның екінші бетінде төбет пен тазы тұқымдас иттер бейнеленген.