Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көшпелі кездесуді Қазығұрт ауданында жалғастырды. Тұрғындармен кездесіп, аймақтың әл-ауқатымен танысты. Өңірді, ауданды дамыту жолдарын саралап, халықпен еркін пікір алмасты. Қарқыны даму үстіндегі Қазғұрт ауданы өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту сынды басым бағытқа ие екенін жеткізді.

 Қазығұрт ауданында былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 9 елді мекенде құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылған. Нәтижесінде Қызылдихан, Тұрбат, Үшбұлақ және Көкібел елді мекендеріндегі 24 көшеге  орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 16 көшені өңдеу жұмыстары аяқталып, биыл 8 көше пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бақабұлақ, Шанақ бекеті және Ескі Шанақ елді мекендері табиғи газға қосылды. Сондай-ақ Майбұлақ, Қызылдихан, Қызылата және Көкібел  елді мекендерінде электр желілерінің құрылысы жүргізілуде. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл  627 млн. теңгеге 64 жобаны қаржыландыру жоспарланған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында  130 маманға 48 млн. теңге көтерме жәрдемақы, 68 маманға тұрғын үй сатып алуға 564,8 млн. теңге несие берілген. Жалпы өңірлік өнім көлемі 19,6 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де 30 пайызға артып, ауыл шаруашылығы өнімінің мөлшері 5,6 пайызға ұлғайған.