Кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты сын көп. Кейбір туындылар жағымсыз әрекеттер мен зорлық-зомбылықты насихаттайды. Осылай деген мемлекет басшысы үлкен экрандардан көрсетілетін туындыларды алдын-ала сараптап, мән-мағынасына көңіл бөлу қажетін айтты.
Былтыр қазақстандық киногерлер 94 фильм түсірген. Кинотеатрда көрсетілетін бейнетаспалардың да дені отандық өнімдер. Басым бөлігі жеке демеушілер есебінен дербес таспаланатын туындылар. Соның әсері болар, кейбір кино-фильмдер тым ерсі, шектен тыс әзіл-оспаққа негізделеді. Мемлекет басшысы осы мәселені сынға алып, санға емес, сапаға жұмыс істеу қажетін ескертті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
– «Көрерменге күлкі сыйлап көңілін көтеру бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау бір басқа. Зорлық-зомбылық пен қатігездікті насихаттайтын фильмдер де пайда болды.» – «Кино – индеялогялық құрал екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан, жеке қаржыға түсірілсе де фильмдерді кинотеатрға шығармас бұрын алдын-ала сараптама жұмыстарынан өткізу жолдарын қарастырған жөн» -
Қала тұрғыны Аманжол Қайыповтың пікірінше, үлкен экрандардан көрсетіліп жүрген кейбір кино-фильмдердің сапасы бар да мәні жоқ. Мағынасы таяз, айтар ойы шашыраңқы. Тіпті, ата-ана, туыс-бауырды ертіп барып, ерсі туындылардың кесірінен ұятқа қалған жағдайлары да болыпты.
АМАНЖОЛ ҚАЙЫПОВ , ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Жақында ғана қырғыздың 46 түн дейтін киносы шықты. Трейлерін көірп жағамды ұстадым. Абырой болғанда ол отандық кинотеатрларда берілмеді.» «Таза зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильм» «Анамды қазақ комедиясына алып бардым. Ондағы әзілдердің ерсілігі өзімді ыңғайсыз сезіндім анамның алдында»
Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана үлкен экрандарға жол тартқан «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық фильміне жеке-дара тоқталып, жоғары бағалады. Айта кетейік, еліміздің барлық кинотеатрларына берілетін туындыны «Қазақстан» ұлттық арнасы ұсынған.