Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылдылар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының қажетіне жаратады. Бұдан бөлек елге ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтар мен коучтар көбейіп кетті. Осылай деп дабыл қаққан мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жауапты органдарға осы тектес түйіткілдерді шешу қажетін тапсырды.
Шынар Әуелбай – онлайн бизнес саласына құмартып, қомақты қаржыға арнайы курс сатып алған. Бірақ, оқу бағдарламасы дәріс құнымен сәйкеспейтінін аңғарған ол ақшасының желге ұшқанын айтады. Сабақ аламын деп, сан соққан ару мемлекет онлайн коучтарды есепке алып, лицензиялаудан өткізсе екен дейді.
ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ , ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Курсты ашып қарасаңыз іліп аларлық ештеңе жоқ. Жарнамасы жер жарық тұрған болуы керек, сан соғып қалдым.» «Жасыратыны жоқ мен оны несиге алған болатынмын. Міне соны бір жыл бойы әлі төлеп келе жатырмын әлі күнге.»
Құрылтайды қалт жібермей қадағалаған Ержан Керімбеков президенттің цифрландыру мәселесіне қатысы айтқан ой-пікірін ерекше түртіп алған. Шетелде оқып, сонда тәжірибе жинаған маман: «біздегі электронды үкіметтей ауқымды қызмет атқаратын жүйе шет елдерде некен-саяқ» дейді. Оқу орын проректоры енді соны одан әрі дамытып, жасанды интеллектке жан бітіру қажетін айтады.
ЕРЖАН КЕРІМБЕКОВ, Ө.ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ
– «ЖИ – елді қарқынды дамытып, елді үлкен белеске сүйрет алатын тетік. Оны президент те жауапты басшылар да байқап, біліп отыр деген ойдамын.» -
Қайраткерлер есімін ел есіне бекіту күн тәртібіндегі мәселе. Қалалар мен көшелер атауында халқымыздың төл тарихы көрініс тапса игі. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі атаулар мен жер-су аттарын толық пайдалана алмай келеміз деп дабыл қақты. Мемлекет басшысы елді-мекен мен көше атауын қоярда даурықпа науқаншылдыққа жол берілмеу қажетін ескертті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
– «Қазір елді-мекендердің аумағы үлкейіп жатыр. Қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы жоқ көшелер пайда болды. Бұл өрт сөндіушілер мен жедел жәрден қызметкерлеріне қиындық тудыруы мүмкін. Осы мәселені жедел шешу қажет.»
Ұлттық құрылтай - қоғамдық мәлелелер мен түйіткілдердің түйінін тарқатып, ел болшағына бағдар жасайтын алаң. Осылай деген ел президенті жиын барысында біршама проблемаларды көтеріп, жауаптыларға оны шешу қажетін тапсырды.