Шымкентте дауға айналған су мәселесіне нүкте қояр сәт жақын. Экономикалық сот “Су ресурстары маркетинг” ЖШС жекешелендірген стратегиялық маңызы бар су қайнау көздері мен су тазалау кешендерін мемлекет меншігіне қайтару туралы алғашқы шешімін шығарды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
ЛАУРА САРМАН, ТІЛШІ:
Негізгі уәж 1996 жылғы ҚР Үкіметінің қаулысына барып тіреледі. Аталған құжатқа сәйкес, стратегиялық нысандар, оның ішінде су тазалау кешендері мен қайнар көздері біртұтас кешен ретінде бөлініп, жекешелендірілмеуі тиіс. Бірақ “Су ресурстары маркетинг” ЖШС кей нысандарды жекенің қолына өткізіп, меншікке айналдырған. Шымкент қаласы әкімдігі бұл шешімнің заңсыз екенін көрсетіп, сотқа талап-арыз түсірген еді
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
/Еуропалық даму банкінен СРМ ЖШС өз кезінде алған кредиті бар. Сол кредиттің бәрі ВРМнің тарифінің ішінде отырған болатын. Сондықтан, бюджетке қосымша жүктеме кредитті жабу бойынша салмақ түспейді, осы тарифтен түскен ақшамен жабылады. Мемлекет меншігіне өтсе, тарифтің төмендеуі бойынша жұмыс жүргіземіз/
ЛАУРА САРМАН, ТІЛШІ:
Экономикалық сот алғашқы шешімін шығарып, Ақбай, Қарасу, Бадам, Тассай секілді жекешелендірілген су кешендерін мемлекет меншігіне қайтаруды заңды деп тапты. Дегенмен, бұл соңғы шешім емес, алғашқы бастама. Мемлекет меншігіне өтетін су нысандарының техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Жылдар бойы жекенің қолында болған құбырлар ескірген, тазалау жүйелері тозған, ал инфрақұрылымды жаңарту үшін миллиардтаған қаржы қажет. Сонымен қатар, қалада “әкім суды өз туыстарына береді екен” деген қауесет те тарады. Бірақ шенеуніктер бұл ақпаратты жоққа шығарып, “мемлекет меншігіне өткен объектілер қайтадан жекенің қолына берілмейді” деп сендіріп отыр. Соттың бұл шешімі әзірге бірінші инстанция деңгейінде ғана қабылданды.