Су нысандары мемлекет меншігіне қайтарылған соң тариф төмендеуі мүмкін. Басқа қалалармен салыстырғанда Шымкентте ең жоғары тариф тіркелген. 142 теңге. Бұл тым қымбат – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек. Сот шешімі шыққаннан кейінгі әкімдіктің әрекеті қандай болатынын да түсіндіріп берді.

Экономикалық сот Ақбай-Қарасу, Бадам-Сайрам, Қызылсай және Тассай су жинау нысандарына қатысты хаттамаларды заңсыз деп таныды. Сонымен қатар «Уникансервис» және «ТрансВиК» құрамына енген автокөлік цехына қатысты шешімдер де заңсыз деп танылды. Сондай-ақ жоғарыда аталған нысандарға қатысты бірқатар ЖШС арасында жасалған сатып алу-сату келісімдері де жарамсыз деп жарияланды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ      
 //Қала әкімдігі келтірген уәждің барлығы сот қарауы барысында орынды екені көрсетілді, өз дәлелін тапты. Осыған орай біз бірінші сатыдағы сотты жеңгенімізді хабарлаймын. Өздеріңіз білесіздер қала тұрғындары СРМ жұмысына қатысты өздерінің келіспеушілігін, риза еместіктерін айтып шағымданып жүрген еді//

 Басқа өңірлерді айтпағанда, Астана мен Алматының өзінде суға белгіленген тариф бағасы Шымкенттен әлдеқайда төмен. Әкімдік судың ақысын қайта қарастыруды көздеп отыр. Ал қаншалықты төмендейтіні кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде белгілі болмақ.

 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ   
/СРМ ЖШС өз кезінде алған кредиті бар. Соның бәрі осы тарифтің ішінде отырған болатын. Сондықтан, бюджетке қосымша жүктеме кредитті жабу бойынша салмақ түспейді. Осы тарифтен түскен ақшамен жабылады. Екіншіден, біз осы мемлекеттік меншікке өткеннен кейін тарифтің төмендеуі бойынша жұмыс істейтін боламыз/

 Бұған дейін «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ы қызметін басқару барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталған еді: мақсатсыз қаржы жұмсау; тарифтік түсімдер есебінен жеке гидроэлектростанцияға су жіберетін қысымды коллектор салынған, алайда ол қалалық қажеттіліктерге арналмаған. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, нысандарға кешенді тексеру жүргізіліп, жаңғырту бағдарламасы әзірленеді.