Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында тұрғындар күрмеуі шешілмеген түйткілдерді тарқатып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
Өңір басшысы кездесуге келіп, талап-тілек, арыз-өтінім айтамын деген барлық тұрғынды соңына дейін тыңдап, мұң-мұқтажына құлақ түрді. Жиын залына кез-келген аудан тұрғынының кіруіне құқығы барын, мүдделі екенін атап өтті.
Кездесуде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өткен жылы атқарған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жайында баяндады. Сарыағаш ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды сараптап, қысқаша тоқталған Нұралхан Көшеров былтыр аудандағы 11 елді мекенде құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылғанын атап өтті. Нəтижесінде 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 150 орындық кітапхана мен мəдениет үйі ел игілігіне беріліп, түрлі іс-шаралар атқарылған. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 24 маманға 9 млн. теңгені құрайтын бірреттік жəрдемақы, 14 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 103 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілген. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1 мектеп пайдалануға тапсырылып, жалпы өңірлік өнім көлемі 25 пайызға артқан. Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3 пайызға өскен. Инвестиция мен құрылыс жұмыстарының көлемі де артқан. Әйтсе де мәселелер жоқ емес. Әкіммен кездесуге келген тұрғындар өткір сұрақтар қойып, білім, жол, кәріз жүйесі, инфрақұрылым мен жер саласына қатысты проблемаларды қозғады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы əртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркəсіп кешенінің əлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген еді. Осы міндеттерді орындау үшін баршамыз бірлесе еңбек етуіміз қажет, - деді облыс әкімі. Ал тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бақылауға алынатынын басып айтты.