Экономиканы әртараптандыру керек. Биыл Келес ауданында 21 көше жөндеуден өтіп, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектеп ашылатын болды. 4 елді мекенге газ жүйесінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жергілікті халықпен кездесу барысында осылай деді. Облыс әкімі өңір мен ауданның даму көрсеткіштеріне айрықша тоқталып, алдағы уақыттағы атқарылуы тиіс міндеттерді айтты.

Келестіктер жол сапасы мен каналдарды тазалау, білім және өзекті боп тұрған медицина мәселелеріне көбірек алаңдаулы. Өңір әкімінің халықпен кездесуі кезінде осыған қатысты біраз сауал жолдап, толғандырған мәселелерін тікелей айтты. Көкейкесті мәселелер көтерілген жиында облыс әкімі биылғы жоспарымен бөлісуден бастады. Ауданда іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға айрықша тоқталып өтті. «Ауыл – Ел бесігі» аясында 20 елді мекенде құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылған. Нәтижесінде, 13 елді мекендегі 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мәдениет үйі бой көтеріп, ауылдардың электр желілері жаңартылған. Сондай-ақ былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 141 млн. теңгеге 23 жоба қаржыландырылса, биыл 539 млн. теңгеге 46 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр.