Тұрғындарды баспанамен қамту, өңірде тұрғын үйлер салу бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен отырыста жауапты басшыларға тұрғын үй құрылысы саласын тиянақты зерделеп, жұмысты сапалы атқару жүктелді.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұлдың айтуынша, 2018-2024 жылдар аралығында кезекте тұрған азаматтарға бюджет есебінен 16 925 пәтер пайдалануға берілген. Былтыр 47,8 млрд теңгеге 2590 арендалық пәтер яғни, 245 үй сатып алынған. Ал биыл 578 арендалық пәтер сатып алуға 7,7 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс басқармасында тұрғын үй саясатына қатысты нақты сараптама болуы керек, деген облыс басшысы аудан, қала әкімдеріне тиісті ұсыныстар беруді тапсырды.