Шаһарда жол саласына бөлінген қаржы көлемі ұлғайғанымен, жолдың сапасы жақсармай-ақ қойды. Құрылысы сиырқұйымшақтанған күре жолдардағы жұмыс қарашаны мезі еткен. Ал салаға жауаптылар не дейді? Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында көтерілген мәселелерді Перизат Биназарқызы жеткізсін.

Көшпелі жиынның антикордағы 9-шы отырысында үш мәселе қаралды. Комиссия мүшелері алдымен жер қатынастары саласындағы жұмыспен танысты. Кейбір мемлекетке қайтарылуы тиіс мүліктердің иелері нысанның қайтарылуы туралы ақпаратты кеш алып жүретін. Енді осы мәселе жүйеленбек.

 Сыбайлас жемқорлық тәуекеліне жасалған сыртқы талдау 23 әрекетті анықтаған. Қазір соның өзектісі саналған арнайы экономикалық аймақтың маңайын шегелеу жұмыстары қарқын алған. Айтып өтейік, Шымкенттен жер телімін алғысы келетіндер әлі де жоқ емес.

Шаһардағы өзекті мәселенің бірі – жол. Жергілікті бюджеттен келер жылға 43 млрд теңге қаржы бөлінген. Алайда сапа қала тұрғындарының көңілінен шықпай тұр.

 Мамандардың айтуынша бөлінген қаржының басым бөлігі республикалық маңызы бар жолдарға жұмсалады. Қала ішілік жолдардың 980 шақырымында, яғни 70 пайызында асфальт бетоны жоқ.

 Мегаполисте жол құрылысының кепілдік мерзімі – 5 жыл. Жауапты мердігер мекеме сапасыз тұстарын қайта жөндеуден өткізеді. Былтыр сондай 10 көше қайта жөндеуге тапсырылып, 7-еуінде жұмыстар аяқталып отыр.