Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтыр республикалық «Таза Қазақстан» эко-акциясы жалауын көтерді. Содан бері игі іске 317 мың шымкенттік жұмылып, 24 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сенбіліктерге 3 мыңға жуық өндірістік, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысан өкілдері қатысып, 10 мың бірлік техника бағытталған. Сондай-ақ жасыл желекті көбейтіп, санын еселеу мақсатында былтыр 200 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды.
: Ботагөз Ануар – жасыл желекті көгалдандырып, табиғатты қорғау ісіне белсене атсалысатын ерікті. Сөзінше, ол үшін қоршаған орта тазалығы – ондағы азаматтардың ортақ жауапкершілігі, кескін келбеті.
БОТАГӨЗ АНУАР, СТУДЕНТ
– «Бұл жоба қоғам үшін маңызды жоба. Өзім де оған белсене атсалысып, үлес қосып жүрмін.» «Тазалықты сақтау азаматтық борышымыз. Үйткені оның таза болуы текелей өз көңіл-күйімізге әсер етеді.»
Эко-акция биыл да жалғасын тауып, апта сайын жалпы халықтық сенбіліктер өткізу көзделген. Ресми өкілдің сөзінше, аталған жұмыстарға күнделікті 2000-нан аса жұмысшы, 150 арнайы техника қарастырылған. «Таза Қазақстан» аясында «Таза аула», «World clean-up day» (Уорлд клиэн-ап дэй) сияқты тазалық іс-шараларын ұйымдастыру, 220 мың ағаш көшетін отырғызып, 24 көшені көгалдандыру жоспарланған. Сондай-ақ экологиялық ахуалға қатысты өтінімдерді қабылдап, кері байланыс орнату мақсатында «TazaQazBot» телеграм платформасы жұмыс істеп тұр.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
– «Жалпы бұл платформа іске қосылғалы бері 212 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 164 өтінім бойынша тиісті жұмыстар толық орындалып, 8 өтінім бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындардың нақты мәселелерді көрсетпеуі немесе мекенжайларды белгілемеуі себебінен 40 өтінім бас тартылды.»
Сәрсен Құранбектің сөзінше, аталған чат бот тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, соның негізінде тиісті жұмыс жүргізеді. Осылай деген қала әкімінің орынбасары, тұрғындарға белсенділік танытып, қоршаған ортаға қатысты сын-ескертпе, алып-қосар идеяларды «TazaQazBot» жолдауға шақырады.