Киелі Түркістан шаhарында болашақ еңбек адамдары арасында спорттық аламан басталды. Сайысқа 20 өңірден 2 мыңға жуық кәсіптік білім беру колледждерінің студенттері қатысты. Спортшыларды ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Нұралхан Көшеров қолдай келіпті.


Еліміздің түкпір-түкпірінен келген білімгерлер баскетбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі мен волейболдан өзара бақ сынап жатыр. Бұл жолғы доданың маңызы ерекше. Олай дейтініміз, үздік деп танылғандарға ЖОО білім гранты табысталып, бірқатар жетекші кәсіпорындар жұмысқа қабылдайды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

--- Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөліп, еңбек нарығына нақты сұранысқа сай мамандарды даярлау, жаңа мамандықтар ашудамыз. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығы лицензия ала алады. Бұл техникалық және кәсңіптік білім беру ұйымдарына үлкен жауапкершілікті жүктейді.Осы ретте жеке инвесторлар тарту арқылы бірқатар өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар іске қосылды. 


Түркістан – еңбек адамдарымен мақтанатын өңір екенін облыс басшысы айрықша атап өтті. Бүгінде 50 колледже 45 мыңнан аса студент білім алады. Енді «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 130 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Оның 60 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған.


ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ

--- Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өседі. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.


Түркістан төріндегі спартакиаданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Арасында ұлы ғұламалар енгізілген көрініс те қойылды. Қасиетті мекенде бастау алған іс-шаралар легі енді Ақтау қаласында жалғасын таппақ.