Қазақстаннан жеті команда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship атты мектеп оқушыларына арналған ең беделді инженерлік жарысқа аттанды. Байқауға қатысушының ең кішісі небәрі 6 жаста.
Биыл чемпионат 110 елден келген 50 мыңнан астам жас инженер мен өнертапқыштарды біріктірді. 2025 жылғы маусымының тақырыбы су асты әлемін зерттеу және қорғау. Қазақстан бұл байқауға бұрын-соңды болмаған ауқымда бірден 7 командамен қатысып отыр. Жолдаманың көбеюі еліміздің мектеп робототехникасының халықаралық беделі артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионаты Almaty Tech Cup нәтижесінде іріктелді. Қазақстан FIRST GLOBAL робототехникасынан 190-нан астам ел қатысатын әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы: Женева (2022), Сингапур (2023), Афина (2024). Сонымен қатар қазақстандық 4 оқушы халықаралық математикалық олимпиадада ел намысын қорғайды.