Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тетігі тоқтатылмайды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетқы қорының басқарушы директоры осылай деді. Мұрат Шәріповтың айтуынша, бұл механизм заңмен бекітілген және оны тоқтату немесе қайта қарау жоспарда жоқ. Ал бүгінге дейін қазақстандықтар қордан 4,6 трлн теңгені мерзімінен бұрын алған. Оның 84 пайызы баспанасын жаңартуға жұмсалған.


МҰРАТ ШӘРІПОВ, «БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл бағыт — заңмен белгілінген, рұқсат берілген бағыт. Сондықтан қазір оны тоқтату немесе қайта қарау мәселесі күн тәртібінде жоқ. Әр азамат өзі шешім қабылдайды. Бүгінгі таңда оны азаматтар түсініп келе жатыр. Елдің бәрі қолданып қойған жоқ. Қолданбаған да азаматтар бар. Ол кісілер — болашақ зейнетақысын жоспарлап отырған азаматтарымыз.


Жыл басынан бері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық табысы біршама төмендеді. Қор мұны доллардың құбылуымен түсіндіреді. Акциялар мен облигациялар құнының уақытша төмендеуі де кіріске әсер еткен. Мамандар бұл – қалыпты құбылыс, алаңдауға негіз жоқ, қордың ұзақ мерзімді стратегиясына әсер етпейді дейді. Соңғы бір жылда біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры шамамен 2,4 трлн теңге инвестициялық табыс тапқан.