Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыруды міндеттеу ұсынылып жатыр. Осы үшін "Табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру туралы" заң жобасы әзірленіп, талқылау үшін арнайы порталда жарияланды.
АЙГЕРІМ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мамандар Қазақстан аумағының 75%-ы табиғи апаттар қаупі жоғары аймаққа жатады дейді. Осыған байланысты Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі «Тұрғынжайларды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл бастама азаматтар мен бизнестің табиғи апаттардан зардап шегуіне жол бермеуді көздейді. Агенттік ұсынысына сәйкес: Сақтандыру полисі құны 1 000-20 000 теңге аралығында болады, бұл аймақтың тәуекел деңгейі мен тұрғын үй жағдайына байланысты. Алғашқы кезеңде төлемдер бастапқы қажеттіліктерді өтеуге бағытталады, ал қор жиналған сайын жөндеу және тұрғын үй сатып алуға қаражат қарастырылмақ. Әлеуметтік осал топтардың сақтандыру жарнасын мемлекет өтейді. Ірі апаттар кезіндегі шығындарды жабу үшін мемлекеттік сақтандыру ұйымы құрылады. Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғын үйлерді табиғи апаттардан ерікті сақтандыру деңгейі 3,2% ғана. Жаңа заң қабылданса, алғашқы жылы 300 мың сақтандыру шарты жасалып, жыл сайын 100 мыңға артуы жоспарлануда. Заңды 2026 жылы іске қосу көзделіп отыр. Мұндай бастама табиғи апаттардан келетін шығынды азайтып, тұрғындарды қаржылық қорғауға мүмкіндік береді.